Павлодарда бір аптада медавиацияның көмегіне 5 тұрғын жүгінген
Оның көбі Екібастұз қаласында орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, осы аптада медавиация 5 шақыруға барды. Шақырулардың бірінде авиациалық көлік Ақтоғайға аттанды. Онда бір айға толмаған жаңа туған нәрестеге жоғары мамандандырылған көмек қажет болды. Ақтоғайға неонатологиялық бригада жіберілді. Тыныс алуы қиындаған баланы облыстық перинаталдық орталыққа тасымалдауға шешім қабылдады.
17 қаңтар күні медавиация Екібастұзға екі рет аттанды. Екі жағдайда да дәрігерлер жаңа туған нәрестелермен жұмыс істеуге мәжбүр болған. Шала туылған қызға тыныс алу жеткіліксіздігі синдромы, ал ұлға асфиксия және туа біткен пневмония диагнозы қойылды. Балалар Павлодардағы облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырылды.
18 қаңтар күні медициналық авиация бригадасы қайтадан Екібастұзға жіберілді. Бұл жолы реаниматологтың көмегі қажет болды. 61 жастағы әйел жүрек-қан тамырлары ауруларының салдарынан инфаркт болған. Науқас аймақтық жүрек орталығына жеткізілді.
19 қаңтарда медавиацияға өтінім Баянауыл аудандық ауруханасынан келіп түсті. Ауруханаға ауыр бронхопневмония және тыныс алу жеткіліксіздігі анықталған жаңа туған нәресте жеткізілді. Неонатологиялық бригада нәрестенің жағдайын тұрақтандырып, облыстық балалар ауруханасына жеткізді, онда мамандар оның жағдайын жақсартуға тырысуда.