Шарбақты ауылында жол жөнделіп, қоқыс шығару мәселесі шешілмек

Шарбақты ауылында жол жөнделіп, қоқыс шығару мәселесі шешілмек
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Онда ол жол жөндеу, абаттандыру және коммуналдық жұмыстардың барысымен танысты. Өңір басшысына аудан әкімі Сержан Иманқұлов атқарылып жатқан жобалар туралы баяндады.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл облыс әкімдігінің қолдауымен төрт елді мекенде жалпы ұзындығы 13,3 шақырым болатын жол жөнделуде. Екі жылдық жобалар аясында Красиловка, Жылыбұлақ, Есілбай және Шарбақты ауылдарындағы төрт көшеде жұмыстар аяқталған.

Сонымен қатар, Шарбақты ауылындағы Тәуелсіздік көшесінің 3,3 шақырымы мен Толстой көшесінің 1,4 шақырымы толық жөнделіп, қазіргі таңда жол белгілерін орнату ғана қалған. Поляков көшесіндегі 2,5 шақырым жолға асфальт төселген. Назаровка ауылына кіреберіс 3,2 шақырым жол да толық аяқталған. Ал орталық көшелердің бірі саналатын Тәуелсіздік көшесіндегі жұмыстар жуырда басталады. Жоспар бойынша барлық жобалар бірінші жартыжылдықта аяқталуы тиіс.

Өңір басшысы аудандарда жол жөндеу жұмыстарының ерте басталып, мерзімінен бұрын аяқталып жатқанын атап өтті.

— Бұрын аудандарда жөндеу жұмыстары қазан-қараша айларына дейін созылатын. Қазір ерте бастап, ерте аяқтап жатыр. Бұл тәжірибені жалғастыру керек. Аудан орталығындағы барлық көшелерді жөндеуді аяқтау қажет, — деді Асайын Байханов.

Келесі жылға да бірқатар жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, Красиловка ауылында екі шақырым жол жөндеу, Малиновка ауылындағы орталық көшені жаңарту және Чигириновка ауылынан Уахит Хазрет кесенесіне дейінгі 1,7 шақырым кіреберіс жолды жөндеу көзделіп отыр.

Жұмыс сапары барысында абаттандыру мәселесіне де назар аударылды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары Шарбақтыда ауқымды жұмыстар атқарылып, екі мыңнан астам ағаш егілген. Қазір ауыл көркейіп, жаңа баспаналар салынуда. Тұрғындар да санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуда.

Коммуналдық саладағы мәселелердің бірі — қоқыс шығару. Аудан әкімінің мәліметінше, бұл қызметпен жеке кәсіпкер айналысады. Қазіргі уақытта аудан орталығында 1200-ден астам контейнер бар, алайда арнайы техниканың жетіспеуіне байланысты кей жағдайда қоқысты уақытылы шығару қиындық туғызады. Осыған байланысты қосымша қолдау көрсету үшін бюджеттік өтінім берілген.