Асайын Байханов Екібастұзда неліктен жаңа ЖЭО салынбайтынын айтты
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов БАҚ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кездесуде аймақ басшысы неліктен жаңа жылу электр орталығы салынбайтыны жайлы сауалға жауап берді.
Облыс әкімі ЖЭО-дағы бір қазандықтың құны орта есеппен 35 миллиард теңгені құрайтынын айтты.
– Оның жобасын екі жыл құрастырады. ЖЭО жобасын құрастыру – өте қиын жұмыс. Жобаны құрастыруға дейін бір жыл техникалық-экономикалық негіздемесін жасау керек. Оны мемлекеттік сараптамадан өткізу қажет. Мұндай ЖЭО-ның құны шамамен 250-300 миллиард теңге шығады. Сондықтан жаңа ЖЭО тақырыбын жабу керек, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, жаңа ЖЭО салғанның өзінде құрылысы 2027 жылдан ерте аяқталмайды.
– Біздің құрылысшылар үйді екі жыл бойы салады. Кейбір үйлер, Павлодардағы №28 үйді 3,5 жыл бойы салды. ЖЭО салу үшін бастапқы жоспар 3 жыл болады, кейін оны 5 жыл салады. Сондықтан бұл – өте күрделі нысан, – деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Асайын Байханов қыс бойы жылу мәселесі туындаған Екібастұзда қандай жұмыстар атқарылатыны туралы баяндаған болатын.