Шарбақты ауданында мектептер жөнделуде

Шарбақты ауданында мектептер жөнделуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шарбақты ауданының Сосновка ауылдық округіне қарасты бірқатар елді мекендегі мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Таяуда аудан әкімі Сержан Иманқұловтың жергілікті тұрғындармен болған кездесуінде кейбір ауылдағы білім ордаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі сөз болған. 

– Қазіргі таңда көпшілікті толғандырған бұл мәселе біртіндеп оң шешімін табуда. Атап айтар болсақ, Заборовка негізгі мектебінің шатыры жөнделіп, аумағын абаттандыру ісі жалғасуда. Сондай-ақ, Сосновка орта мектебінің жылу жүйесі мен терезелері, ал Красиловка орта мектебінің есік-терезелері жөнделіп, жаңартылуда, – дейді аудан әкімдігінде. 

Аудандағы әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жобаларды іске асыруға «Рубиком» ЖШС де қолұшын беруде. Мәселен, аталмыш серіктестік Сосновка орта мектебіне асфальт салып береді деп жоспарлануда.