Биыл Павлодар облысына қандастарды қабылдауға көбірек квота бөлінген

Биыл Павлодар облысына қандастарды қабылдауға көбірек квота бөлінген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде өзге облыстармен салыстырғанда бірнеше есе артық, яғни мыңнан астам қандасты қабылдау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9 653 адам деп белгіленді. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық.

Бұйрықтың мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру, – деп жазылған хабарламада. 

2025 жылы өңірлік квота  қандастар үшін Павлодар облысында – 1 056 адамға, Ақмола облысында – 285 адамға, Шығыс Қазақстан облысы – 269 адамға, Абай облысына – 244 адамға, Солтүстік Қазақстан облысы – 175 адамға, Қостанай облысында – 150 адамға,  Атырау облысында – 100 адамға және Батыс Қазақстан облысында 30 адамға бөлінді. 

Ал қоныс аударушылар үшін Павлодар облысында – 3 050 адамға, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 969 адамға, Қостанай облысында – 535 адамға, Шығыс Қазақстан облысында – 372 адамға, Абай облысында – 255 адамға, Ұлытау облысында – 125 адамға, Қарағанды облысында 38 адамға бөлінген.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға қандай мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады?

- көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;

- 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;

- 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

2024 жылы 19,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.

1991 жылдан бастап 2025 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 148 мың астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды.

Естеріңізге сала кетейік, қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған 1250 өңірлік квота 100 пайызға игерілген