Шарбақты және Баянауылдан шала туған сәбилер перинаталдық орталыққа жеткізілді
Павлодарға тасымалдау үшін сәбилерге неонатологиялық қызметтің тәжірибелі мамандары барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар медавиациясы өткен аптада 6 шығу және 1 ұшуды орындады. Бөлімшенің өкілдері Екібастұз, Ақсу, Тереңкөл, Шарбақты және Баянауыл аудандарында жұмыс істеді. Қызметке түскен барлық өтінімдер ауа райының қолайсыздығына қарамастан жедел пысықталды.
«Шарбақты және Баянауыл ауданынан екі күндік айырмашылықпен бірдей өтінімдер түскен. Сол жерде әйел адамдар мерзімінен бұрын босанған. Салмағы төмен екі сәби орталық аудандық ауруханадағы жағдайда қала алмады. Кішкентай пациенттерді тасымалдау кезінде арнайы кювез қолданылды. Балалар облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді. Онда шала туылған балаларды күтуге арналған арнайы жабдықтар қарастырылған. Мамандар бұл шақырулардың әрқайсысы бойынша 4-6 сағат жұмыс істеді», - деді станцияда.
Екібастұзда жедел жәрдем станциясының құрамына кіретін медициналық авиация геморрагиялық инсультпен ауыратын 45 жастағы науқасқа қажет болды. Ол Павлодарға әуе көлігімен жеткізілді. Өткен аптада Ақсу медавиациясы екі рет жолға шықты. Бірінші жағдайда 53 жастағы әйелде ми қан айналымының жедел бұзылуы болды. Екінші жағдайда жүктіліктің 28 аптасында 32 жастағы әйелге көмек қажет болды. Ол іштің өткір ауырсынуына шағымданды.
Медициналық авиацияның әрбір шақырылуына, оның күрделілігіне қарамастан, Павлодар облысында тәжірибелі және жоғары білікті медицина қызметкерлерінен арнайы бригадалар құрылады. Олардың барлығы реанимациялық жәрдем көрсету және шала туған балалармен іс-қимыл алгоритмі бойынша міндетті оқытудан өтеді.