Павлодарда әйел адам мен зейнеткерді көлік қағып кетті
Салдарынан түрлі жарақат алған жаяу жүргіншілер ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Н.Назарбаев даңғылы бойында орналасқан 169-шы үйге қарама-қарсы аумақта орын алған. 2023 жылғы 19 ақпанда сағат 22:50-де ВАЗ-21170 автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан 36 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
– Зардап шеккен адам жолдың реттелетін бөлігімен өтіп бара жатқан, – дейді департаментте.
Сондай-ақ Ford Focus автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі 20 ақпанда сағат 10:30-да Катаев көшесіндегі 61-ші үйге қарама-қарсы жерде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жол бөлігін кесіп өтіп бара жатқан 70 жастағы зейнеткерді қағып кеткен.
Көліктер айып тұрағына қойылды. Аталған фактіні полиция тексеріп жатыр.