Павлодарда тәрбиешілер әзіл-қалжың айтып жарысты
Жайдарман ойынында оннан астам команда өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара қалалық С.Торайғыров атындағы орта мектепте қала балабақшалары ұжымдарының арасында өтті. Аталмыш додада 13 бақшаның тәрбиешілері өнер көрсетті. Қатысушылар түрлі тақырыптарды қозғап, жұмыстағы қызықты оқиғаларды қойылымдар арқылы көрсетті.
– Біз бұл сайысқа шамамен бір-екі апта дайындалдық. Дайындығымыз жақсы деңгейде деп айтсақ болады. Финалдық кезеңге өтеміз деген үміт бар, – дейді №8 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Айгерім Сабыржанқызы.
Қатысушылардың өнеріне қалалық кәсіподақ ұйымының бас маманы Дина Ержанова, облыстық жайдарман одағының төрағасы Олжас Қоңыратбаев, ардагер жайдарманшы Серікболсын Қинаятов, білім беру бөлімінің әдіскері Гүлзат Қайсаринова командаларды іріктеп, келесі кезеңге өткен үздіктерді таңдады.
– Ойын жоғары деңгейде әрі тартысты өтті. Он үш команданың ішінен сегіз ұжымды таңдап, финалдық кезеңге жолдама бердік, – дейді Олжас Қоңыратбав.
Қазылар алқасының шешімімен он үш команданың ішінен №7, 8, 20, 30, 44, 46, 104, 120 сәбилер бақшасының командалары келесі кезеңге өтті.