Сольветка ауылы маңындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Сольветка ауылы маңындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бір науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол апатынан тағы бір 24 жастағы астаналық тұрғын зардап шекті. Ол кеуде қуысының, бетінің және оң қолының жарақатын алған. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Науқасқа амбулаторлық ем тағайындалды.

Ал көлік апатынан зардап шеккен 19 жастағы елордалық тұрғынның да жағдайы ауыр. 

– Науқас жедел жәрдем бригадасымен Ақсу қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда реанимациялық шаралар, соның ішінде өкпені жасанды желдету қолданылып жатыр. Науқастың жағдайы ауыр, бірақ салыстырмалы түрде тұрақты, – деді басқарманың баспасөз қызметінде.

Пациентті бейінді мамандар қарап, қажетті тексерулер мен жараларды хирургиялық өңдеу жүргізілді. Ол басынан, кеуде қуысынан, қол-аяқтарынан жарақат алып, сүйектері сынған. Өмірлік маңызы бар ағза функциялары тұрақты деңгейде ұсталып отыр.

Еске сала кетейік, 13 тамызда Белов-Қалқаман автожолындағы Сольветка ауылының маңында Тойота Ипсум және Тойота Камри маркалы екі автокөліктің соқтығысуы орын алды. Апат салдарынан екі жүргізуші де сол жерде қайтыс болды, бір жолаушы ауруханаға жеткізілді.