Павлодардағы жол апаты: зардап шеккен жігіттің жағдайы белгілі болды
Ол политравма бөлімінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, шақырту 29 маусым күні сағат 12:34-те түскен. Оқиға орнына жедел жәрдемнің екі бригадасы бірінші кезектегі шұғыл санат бойынша аттанып, 4 минут ішінде жетті.
Өкінішке қарай, дәрігерлер оқиға орнында 1986 жылы туған ер адам мен шамамен 25 жастағы жеке басы анықталмаған жігіттің қайтыс болғанын тіркеді. Тағы бір 2002 жылы туған жас жігіт Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ауруханадағы жігіттің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
– Науқасқа жабық бас-ми жарақаты және дене жарақаттары диагнозы қойылды. Оған қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 29 маусым күні Н. Назарбаев даңғылында Mitsubishi Carisma автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, үш жаяу жүргіншіні қаққан. Содан соң көлік жарық бағаны мен автобус аялдамасына соғылды. Жол апаты салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды.