Ыстық сумен күйдірмек: Павлодарда ер адам полицияны әуреге салды
Қала тұрғыны мұндай әрекетке дұшпандық сезімінен барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн сайын полиция кезекшісінің пультіне отбасылық қиындықтар туралы ондаған қоңырау түседі. Көбінесе күйеуінің әйеліне қол көтеруі, жақын туыстарының арасындағы алауыздық, ішімдік салдарынан туындайтын жанжалдар жиі орын алады. Сағат 22.00 шамасында полицияға Н.Назарбаев даңғылындағы үйлердің бірінің пәтерінде таныс әйел оған қайнаған су құйып жібергісі келетіні туралы хабарлап, екі рет қоңырау шалған.
«Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы бұл шақыруды пысықтау кезінде ер адамның інісінің бірге тұратын әйелін қуып жібермек болғанын және бұл қақтығыс ұзақ уақыт бойы жалғасып жатқанын анықтады. Ол інісінің бірге тұратын әйеліне деген дұшпандық сезімін түсіндіре алмады. Сол күні кешке тағы да ішімдік ішіп, жанжал бастаған және інісі мен оның әйелінің бөлмесіне кірмек болған. Бөлменің есігі ішінен құлыпталған болған. Ол полицияның тез жетуі үшін қайнаған су туралы әңгімені ойдан құрастырған», - деді Павлодар қаласы полиция басқармасы оңтүстік полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Рустам Серғазинов.
34 жастағы ер адамға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, іс жүргізу шешімін қабылдау үшін материал сотқа жіберілген.
Айта кетейік, биыл полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 618 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.