Стратегиялық бағдар және бизнеске серпін: Ерқанат Әбенов Президент бастамалары туралы
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы сөзі ел экономикасы мен кәсіпкерлік саласы үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашып, дамудың басым бағыттарын айқындап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов бұл жиынды мемлекетіміз үшін стратегиялық әрі қағидатты маңызы бар әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын, ұлттың рухани өркендеу мәселелерін талқылауға берілген тамаша мүмкіндік деп бағалайды. Оның айтуынша, билік жұмысының басым бағыттарын және оның бизнеспен өзара іс-қимыл тетіктерін Мемлекет басшысы ерекше атап өтті.
– Президенттің сөзінде Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы үшін, соның ішінде ірі, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі салалары үшін маңызды мәселелер көп қозғалды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласына тоқталып, Үкіметтің Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп Екібастұз энергетикалық бассейнінің қуаттары негізінде «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, атом электр станциясының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қажеттігін баса айтты, – деді Ерқанат Әбенов.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көмір қоры орасан зор – шамамен 33 миллиард тонна екенін еске салды.
– Бұл отын түрі – республиканың стратегиялық активі, сондықтан оны қоршаған ортаға зиянды әсерін толық бейтараптандыратын ең заманауи технологияларды қолдана отырып, толық көлемде пайдалану қажеттігіне назар аударды, – деді ӨКП директоры өз сөзінде.
Президент «біздің басты стратегиялық мақсатымызды» да айқындады — ол сапалы экономикалық өсім қарқынын бәсеңдетпеу. Осы мақсатта инфляцияны төмендету бойынша жұмыс басталды, жаңа инвестициялық цикл жарияланды және өзге де маңызды шешімдер қабылдануда. Бүгінде экономика мен бизнес жаңа салық ережелері режиміне көшіп жатыр, бұл үдеріс «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңдарында да айқын байқалуда.
Президенттің пікірінше, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тұрақты, қақтығыссыз «фискалдық транзитті» қамтамасыз етуге міндетті.
– Жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылған барлық орынды, сындарлы ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізу керек, – деді бүгін Мемлекет басшысы.
Осылайша, еліміздің барлық кәсіпкерлері үшін өзекті әрі маңызды көптеген мәселелер Ұлттық құрылтай алаңында жан-жақты талқылауға шығарылды.