Екібастұз базасында дата-орталықтар алқабын құру жоспарлануда

Екібастұз базасында дата-орталықтар алқабын құру жоспарлануда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, Екібастұз энергетикалық бассейнінің қуаттары негізінде “Деректерді өңдеу орталықтарының (ЦОД) алқабын”салуды жоспарлап отыр. 

– Ұсыныс жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асатынын көретін боламыз. Атом электр станцияларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосуды қолға алуымыз қажет. Сондай-ақ дата-орталықтардың энергия тұтынуы металлургиялық комбинаттардың деңгейімен шамалас екенін ескеру керек. Сондықтан энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз ету мәселелері мемлекеттік саясаттың ең маңызды бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі 123,1 миллиард киловатт-сағатты құрайды, бұл барлық жоспарымызды табысты іске асыру үшін жеткіліксіз. 

– Бұл туралы мен жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты айттым. Басқаша айтқанда, еліміздің бәсекелестік артықшылықтары тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда көмірдің орасан зор қоры бар – шамамен 33 миллиард тонна. Қазіргі тұтыну деңгейінде бұл қор 300 жылға жетеді. Жыл сайынғы көмір өндіру көлемі 110 миллион тоннадан асады, бұл елімізді әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарына шығарды.

– Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оны қоршаған ортаға келетін зиянды толық бейтараптандыратын ең жаңа технологияларды қолдана отырып, барынша тиімді пайдалану қажет. Көмір генерациясын дамытуға Ұлттық жоба мәртебесін беру керек. Үкіметке бұл мәселені 20 наурызға дейін шешу тапсырылды, – деді ҚР Президенті.

Еске сала кетейік,  екі күнге жалғасқан жиында құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салады.