Тұрсын Жұртбай павлодарлық студенттерге қазақ тарихының беймәлім тұстарын түсіндірді
Ғалым жастарға тарихи шындықтың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде жазушы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбаймен «Бесігіңді аяла!» атты кездесу өтті. Қаламгер жастармен жүздесіп, Алаш қайраткерлерінің мұрасы, архив құжаттары және Абай шығармаларындағы тарихи шындық туралы ой бөлісті.
Жазушы басқосу кезінде көркем әдебиеттегі кейіпкерлердің бейнесі мен тарихи тұлғалардың шынайы болмысын ажырата білу қажеттігін атап өтті. Тұрсын Жұртбайдың сөзінше, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы образдарды тарихи деректермен салыстыра қарау маңызды.
– Шығармадағы кейіпкердің бейнесі мен тарихи адамның шынайы болмысы әрдайым бірдей бола бермейді. Сондықтан тұлғаларды көркем шығарма арқылы ғана танып қоймай, архив деректеріне сүйеніп, олардың өмірін терең зерттеу керек, – деді жазушы.
Жүздесу барысында ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетілді. Кейін университет профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев зерттеушінің еңбектеріне тоқталды.
– Тұрсын Жұртбай мектепте оқып жүрген кезінен бастап шығармаларында ұлттық идеяның лебін сездірді. Ол Абай, Шәкәрім және Құнанбай ұрпақтарының ортасында қалыптасқан тарихи оқиғаларды зерттеп, кейін ұлт зиялыларының мұрасын терең зерделеді, – деді Айтмұхамбет Тұрышев.
Профессордың айтуынша, қаламгер қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін зерттеу үшін архив құжаттарын ақтарып, олардың тағдырына қатысты деректерді жинақтаған. Ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев секілді қайраткерлердің мұрасын зерделеуге үлес қосты. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау жұмыстарына қатысты.
Кездесуде Абайдың өмірі мен шығармашылығын тарихи деректер негізінде танудың маңызы да сөз болды. Айтмұхамбет Тұрышевтің пікірінше, көркем шығармадағы кейіпкер бейнесі мен тарихи тұлғаның шынайы болмысын салыстыра зерттеу өткенді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ол Тұрсын Жұртбайдың Құнанбай бейнесіне қатысты зерттеулерін осының мысалы ретінде атады.
Ал журналистика факультетінің үшінші курс студенті Аллаберген Аманбек кездесудің болашақ мамандар үшін маңызы зор екенін жеткізді.
– Тұрсын Жұртбай ағамен кездесу біз үшін тарихи сәт болды. Ол – Абайды, Алаш зиялыларын және әдебиет тарихын терең зерттеген тұлға. Мұндай кездесулер бізге ізденуге, тарихи мұраны жақынырақ тануға мүмкіндік береді, – деді ол.
Студенттің сөзінше, университетте бұған дейін де ақын-жазушылармен және айтыскерлермен жүздесулер ұйымдастырылған. Мұндай басқосулар білім алушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді.
Айта кетелік, Тұрсын Жұртбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Ол 1974-1990 жылдары «Жетісу» газетінде, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында қызмет атқарды. 1990-1998 жылдары Мұхтар Әуезов мұражайында ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, кейін директор болды. 1998-2001 жылдары докторантурада оқып, ҚазҰУ-да сабақ берді. 2001 жылдан бері «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығын басқарады.