Павлодарда электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып жатыр

Павлодарда электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып жатыр
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Үш қосалқы станция ауыстырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста Лесозавод шағын ауданындағы электрмен жабдықтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары басталды. «Павлодар электржелілік тарату компаниясы» акционерлік қоғамы электр тарату желілерін қайта құрылымдау аясында тұрғын үйлер мен мекемелерді электр қуатымен қамтамасыз ететін алты шақырымнан астам желіні жаңартады. Жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Жаңарту қолданыстағы инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға әрі тұтынушыларды сапалы электр қуатымен қамтуға бағытталған. 

«Павлодар электржелілік тарату компаниясы» акционерлік қоғамы қалалық электр желілері кәсіпорны бас инженерінің орынбасары Юрий Волошаниннің айтуынша, қазіргі жүйенің бірқатар бөлігі ескіргендіктен, оған техникалық қызмет көрсету барысында қиындықтар туындап келеді.

Қолданыстағы әуе желісінің ұзындығы – 4,2 шақырым. Көп жағдайда оның күзет аймағы жеке тұрғын үй құрылыстарына байланысты бұзылған. Бұл оны күтіп ұстауды қиындатады. Қазіргі уақытта аталған желі 1181 тұрғын мен 68 заңды тұлғаны электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр, – деді Юрий Волошанин.

Жоба аясында әуе электр беру желілерінің басым бөлігі жерасты кабельдік желілеріне ауыстырылады. Сонымен қатар, оқшауланған өзін-өзі көтеруші сымдар қолданылып, жүйенің қауіпсіздігі мен пайдалану мерзімі ұзартылады.

Мердігер ұйым 4,2 шақырым жаңа кабель желісін және 1,7 шақырым әуе электр беру желісін салады. Бұдан бөлек, тозығы жеткен үш трансформаторлық қосалқы станция толықтай заманауи жинақтық нысандармен алмастырылып, үш жаңа тарату құрылғысы орнатылады. Сондай-ақ ұзындығы 698 метр болатын 0,4 киловольттық төмен кернеулі желі де жаңартылады.

Мамандардың айтуынша, атқарылатын жұмыстар жоспардан тыс электр ажыратуларының санын азайтып, техникалық шығындарды төмендетеді. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау сапасы жақсарып, желілердің өткізу қабілеті артады. Бұл алдағы уақытта жаңа тұтынушыларды қосуға қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.