Сенатор: Ақсулықтар қыста тоңбайды деп үміттенеміз
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Алтынбек Нухұлы мен Ернұр Әйткенов Ақсу ферроқорытпа зауытындағы қазандықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашевтың айтуынша, өткен жылыту маусымы 200 күнтізбелік күнге созылған және қаланы жылумен қамту бойынша қиындық туындамаған. Биыл төрт су қыздыратын қазандықтың біреуін мердігер күрделі жөндеуден өткізуде, қалған үшеуін кәсіпорын өз күшімен ағымдағы және орташа жөндеуден өткізеді.
– Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарының 50 пайызы аяқталып қалды. Қазан айында толық мәреге жеткізу жоспарланып отыр. Кесте бойынша үлгеріп келеміз. Қалған үш қазандықтың біреуі бойынша тамыз айында, екеуі бойынша жұмысты қыркүйек айында аяқтаймыз, – деді Мұсабек Мақашев.
Алтынбек Нухұлы қыста Ақсу қаласы тұрғындары үшін жылуға қатысты мәселе туындамайды деген сенімде екенін атап өтті.
– Біздің негізгі мақсатымыз – Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы жылу қазандықтарының жағдайын көру. Бүгін Ақсу ферроқорытпа зауытында орналасқан жылу қазандықтарын қарап шықтық. Барлық жұмыс – орташа және күрделі жөндеу кестеге сәйкес жүргізілуде. Сондықтан көңіліміз орнына түсті деуге болады. Себебі, бұл сапар барысында былтырғы Екібастұзда болған жағдай басқа қалаларда қайталанбайтындығына көз жеткізгіміз келді. Ақсулықтар қыста тонбайды деп үміттенеміз, – деді Алтынбек Нухұлы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Парламент Сенатының депутаттары Железин, Тереңкөл аудандарында болып, инфрақұрылымдық нысандар бойынша жобалардың іске асырылу барысымен танысқан болатын.