«Таза Қазақстан»: Шарбақтылықтар экоакцияға қатысты
Шараға еріктілер, әлеуметтік қызметкерлер сынды басқа да сала мамандары атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Шарбақты ауданында жалғасты. Акция барысында Шарбақты ауылының орталық көшелерін қоқыстардан тазартуға, көгалдандыруға және жалпы аумақты абаттандыруға бағытталған бірқатар шара ұйымдастырылды.
Аталмыш акция алдымен Шарбақты ауылының аллеясында бастау алды. Онда жергілікті «Жасыл ел» штабының 25 еріктісі тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Біз қоршаған ортаны таза ұстауға ерекше назар аударамыз. Тазалық пен тәртіпте өмір сүру ауыл тұрғындары үшін күнделікті өмірге айналуы тиіс. Осындай экологиялық акциялар ауданымызда тұрақты түрде жүргізіледі. Алдағы уақытта да ауылымыздың саябақтарын, демалыс орындарын, әлеуметтік нысандардың аумақтарын қоқыстардан тазартатын боламыз, – дейді «Жасыл ел» штабының мүшесі Айман Қуат.
Одан бөлек, осы күні Шарбақты ауылындағы колледж бен жасанды тоғанның маңы да тазаланды. Оған әлеуметтік саланың қызметкерлері жұмылдырылды.
Шарбақты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Светлана Шпехттың сөзінше, ауданның табиғатын қорғау мақсатында жыл сайын бірқатар шара өткізілетінін атап өтті.
– «Таза Қазақстан» акциясына аудан тұрғындары және қызметкерлерімен бірлесіп белсенді қатысудамыз. Шарбақты ауданында ауылдарды абаттандыру бойынша түрлі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жеңіс алаңында әр мезгіл сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі. Қыс мезгілінде қардан тазартылса, жаз айларында гүлдер егіледі. Сондай-ақ, қоқыстардан, арамшөптерден жиі тазартылады, – дейді Светлана Шпехт.
Іс-шараның жалғасы ауданның Орловка ауылында жалғасты. Онда да «Жасыл ел» штабының мүшелері мен әр саланың өкілдері бірнеше аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Орловка елді мекенінде соңғы 10 жылдан бері тазалық жұмыстары үзбей жүргізіліп келеді. Биыл 4500-ге жуық гүл, көшеттер және шырша отырғызылды. Экологиялық шараға ауданымыздың белсенді жастары мен әр саланың өкілдері қатысты. Ауылдың тазалығы – денсаулықтың кепілі. Ауылдың, ауданның келбеті осындай тазалық жұмыстарымен ажарланады. Сондықтан ортақ шаруаға әрбір тұрғын, әрбір үй, әрбір мекеменің қызметкерлері атсалысуы керек, – дейді қоғам белсендісі, Шарбақты аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Наталья Козлова.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтіп тұрады.