Тереңкөлке Байқоныс орта мектебінің мерейтойы кең көлемде аталып өтті

Тереңкөлке Байқоныс орта мектебінің мерейтойы кең көлемде аталып өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

55 жылдыққа арналған салтанатты шараға ұстаздар, оқушылар, еңбек ардагерлері мен әр жылдардағы түлектер жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзия Қайдарованың айтуынша, мерейтойға дайындық бүкіл ұжымды біріктірген.

– Бұл біз үшін жай ғана күн емес, адам тағдырларымен, оқушылар жетістіктерімен және ұстаздардың өз ісіне деген адалдығымен өрілген тұтас тарих. Кешті ұйымдастыруға әр қызметкер өз үлесін қосты, – деді ол.

Мұғалімдер мен оқушылар тақырыптық көрмелер әзірлеп, әр жылдардағы қабырға газеттерін, құттықтау плакаттарын безендірді. Акт залында жылы лебіздер айтылып, естеліктер мен әндер шырқалды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайнат Біләлованың сөзінше, мектептің 55 жылдығы – тек ауылдық округ үшін ғана емес, бүкіл аудан үшін маңызды оқиға.

– Осы жылдар ішінде мектептен жүздеген түлек түлеп ұшты. Олардың көпшілігі бүгінде туған ауылында еңбек етіп, оның дамуына өз үлесін қосып жүр, – деді ол.

Сондай-ақ ол Байқоныс мектебі бүгінде аудан білім беру ұйымдары арасында лайықты орын алып, сапалы білім беруді және өзіне тән ізгілік пен өзара құрметке негізделген ортаны сақтап отырғанын атап өтті.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – мектептің тарихынан сыр шертетін слайд-шоу болды. Қатысушылар білім ордасының іргесін қалаған алғашқы ұстаздарды еске алып, үздік түлектер жайында айтты.

– Қонақтардың мектеп ішін аралап, кабинеттерге бас сұғып, білім ордасының өмір сүріп, дамып, дәстүрін сақтай отырып заман талабына сай ілгерілеп келе жатқанына қуанып жүргенін көру ерекше әсер сыйлады, – деді Гүлзия Қайдарова.

Мерекелік шара ұстаздар мен оқушылар дайындаған концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 55 жылдық мерейтой – өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш және болашаққа сенім білдірген тағылымды басқосу болды.