Тереңкөл ауданында екі мектепте кадет сыныптары ашылды
Ахметқали Тезекбаевтың құрметіне Песчан №1 жалпы орта білім беру мектебінде арнайы сынып құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ашылу салтанатында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров кадет сыныбының болашақ оқушыларына куәліктер табыс етті. Сондай-ақ, Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов аталмыш бастамашыл жобаға қолдау білдірді.
Павлодар облысы департаментінің қызметкерлері, жедел әрекет ету арнайы жасағының жауынгерлері дайындаған концерттік бағдарлама барысында құқық бұзушыларды ұстау дағдылары, сондай-ақ қызметтік иті бар кинолог тыйым салынған заттарды табу әрекеттері көрсетілді.
– Песчан ауылында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер бөлімінің қызметкерін еске алуға арналған кадет сыныбының ашылуы маңызды оқиға болды. Бұл сыныптың ашылуы қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қорғап, өз өмірін қиған батырларды еске алу мен құрметтеудің символына айналды, – дейді Песчан №1 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Павел Мельников.
Оның айтуынша, аталған жоба арқылы оқушылар өздерінің көшбасшылық қасиеттері мен азаматтық жауапкершіліктерін дамыта алады. Сондай-ақ жастар үшін Отанға қызмет ету жолын таңдауға және мемлекет мүдделерін қорғауға қатысуға тамаша мүмкіндік болмақ.
Сонымен қатар Песчан №2 жалпы орта білім беру мектебінде де кадет сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Кадет сыныбына өзінің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ІІБ қызметкері, полиция капитаны Фарид Какабаевтың есімі берілді. Шараға құқық қорғау жүйесінің құрметті ардагерлері мен қызметкерлері, Фарид Какабаевтың жұбайы қатысты.
Салтанатты шарадан соң оқушылар қару-жарақ және басқа да құрал-жабдықтар көрмесін тамашалады. Балалар көрме экспонаттарын қызыға зерттеп, мамандарға сұрақтар қойды, естелік суреттерге түсті.