«Топырақты тыңайту керек»: Железин диқандарының жұмысы сынға алынды
Асайын Байханов шаруа қожалықтарына жаңа технологияны пайдалануға кеңес берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Железин ауданындағы жұмыс сапары барысында бірнеше шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне назар аударды. Белгілі болғандай, топырақ тыңайтқыштармен байытылмаған. Сондықтан жердің шұрайлылығы төмен.
– Дамып, табыс тапқыларыңыз келсе, технологияны қайта қарастырыңыздар. Жерді байыту керек. Ал егер тыңайтқышты қолданбасаңыздар, біз оны алып қойып, ресурстарды дұрыс пайдаланатындарға береміз. Өнімділікті қалпына келтіру керек. Біз Ертіс өңірінде болдық, онда қожалықтар орта есеппен гектарынан 18 центнерден өнім алады. Бес центнер – 500 келі, екі гектардан – бір тонна, 45 миллион жоғалтудасыздар, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы шаруалармен әңгіме барысында шаруа қожалықтарының жұмыскерлерінің еңбекақысын көбейтіп, кадр тапшылығын бастан өткермеу үшін ауылды көркейту мәселесіне тоқталды.
– Мемлекет тұрғын үйлер, инфрақұрылым, су құбырлары, мәдениет үйлері, мектептер, шағын орталықтар салып, жарықтандыру өткізіп, жолдарды төсеуде. Ал фермер адамдарды тарту керек. Бізде керісінше көші-қонымыз теріс, бір ауылдан 400-ге жуық адам. Зейнеткерлер мен мұғалімдер, медорталықтар пен мәдениет үйлерінің қызметкерлері ғана қалады, ал сіздерге кім жұмыс істейді? Бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, – деп үндеді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Дана» шаруа қожалығының егіс алқабын аралады. Шаруа қожалығының басшысы Дәулет Қабаделиновтің айтуынша, қожалық 2016 жылы құрылған.
– Жалпы, біз күнбағыс және бидаймен жұмыс істейміз. Осы жылы «Виктори» неміс буданын еккен болатынбыз. Жоспар бойынша бір гектардан 20 центнер өнім алуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ 170 гектарға еккен сұлыдан гектарына 15 центнер өнім шықты. Ал майлы дақылдар 1800 гектар жерге егілді. Әзірге өнімді жинау үшін ауа райының қолайлығын күтудеміз, – деп атап өтті шаруа қожалығының басшысы Дәулет Кабадилинов.
Оның айтуынша, өткен жылы ауа-райы сәтсіз болды.
– Өткен жыл бізге ауыр тиді. Құрғақшылық, өнімділік төмендеді. Биыл жақсы нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Былтыр бидайдың өнімділігі гектарына 3-4 центнер болса, биыл 15-ке жетті, – дейді Дәулет Қабаделинов.
Естеріңізге сала кетейік, Железин ауданына барудан бұрын облыс әкімі жұмыс сапарымен Ертіс өңірінде болды.