Цифрлық теңге бюджет қаражатын бақылаудың икемді құралына айналмақ

Цифрлық теңге бюджет қаражатын бақылаудың икемді құралына айналмақ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Таңбаланған цифрлық бюджет қаражаты тек белгіленген мақсаттарға жұмсалуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттік қаржы саласына цифрлық теңгені енгізу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді. Ортамерзімді кезеңде кемінде 100 мемлекеттік жобаны іске асыру барысында цифрлық теңгені пайдалану міндеті қойылған. Осы мақсатта Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп, Қазынашылық комитеті үшін бірыңғай терезе құруды және процестерді автоматтандыруды көздейтін транзиттік интеграция моделін іске асыруда.

Қазіргі уақытта бірнеше пилоттық жоба сынақтан өтіп жатыр. Олардың қатарында Павлодар және Атырау облыстарындағы жолдарды орташа жөндеу бойынша екі жоба, сондай-ақ Астанада мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ алуға арналған ваучерлерді тарату пилоты бар. Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы және Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік сатып алуларда «боялған» ақшаны қолдану жөніндегі пилоттары пысықталуда.

Таңбаланған цифрлық қаражат келісімшартта көрсетілген мақсаттарға ғана пайдаланылуы мүмкін және оны қолма-қол немесе қолма-қол емес басқа қаражатқа айырбастауға болмайды. Таңбалау жұмыстар толық орындалып, түпкілікті өндірушілерге жеткізілім расталғаннан кейін ғана алынады. Бұл цифрлық теңгені бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын автоматтандырып, бақылаудың икемді құралына айналдыруға мүмкіндік береді.

Жол жөндеу саласында цифрлық теңгені қолдану үшін тауарлар, жұмыстар және қызметтерді нормалаудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы цифрландыру қажет. Бұл цифрлық теңге платформасын сертификатталған тауар өндірушілердің эталондық дерекқорларымен интеграциялауды талап етеді.

– Пилот қорытындысында жекелеген материалдар мен қызметтердің құнындағы айтарлықтай айырмашылықтарды байқадық. Салалық сараптамасыз бұл алшақтықтың себебін объективті бағалау мүмкін емес, – деді Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, цифрлық трансформация жетекшісі Бинұр Жәленов.

Цифрлық теңге арқылы төлем жүргізу үшін тізбектегі барлық қатысушылар – тапсырыс берушілер, бас мердігерлер және қосалқы мердігерлер – «е-шарттар» жүйесінде цифрлық теңге шоттарын ашуы қажет.

Астанада мектеп оқушыларына арналған ыстық тамақ ваучерлерінің пилоты 113 мектеп пен 29 жеткізушіні қамтиды. Алайда ұйымдық-құқықтық формалардың әртүрлілігіне байланысты бірқатар қиындықтар туындап отыр. Жыл соңына дейін техникалық тұрғыдан дайын мектептерді цифрлық теңгеге көшіру жоспарланған.

Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларында және МКК мемлекеттік сатып алуларында цифрлық теңгені қолдану мәселелері де қарастырылуда. Цифрлық теңгені енгізу есеп айырысу тізбектерінің толық ашықтығын қамтамасыз етіп, салықтық тәуекелдерді азайтуға және жалған схемалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар цифрлық ҚҚС, автокөлік пен жылжымайтын мүлік мәмілелеріне арналған «Қауіпсіз мәміле» жобасы, сондай-ақ қымбат медициналық жабдықтарды сатып алуда және ірі өнеркәсіптік нысандар салуда цифрлық теңгені қолдану бойынша пилоттар дайындалуда.

Отырыс қорытындысында Қаржы министрлігіне жыл соңына дейін қазынашылық жүйелерін цифрлық теңге платформасымен интеграциялаудың нысаналы моделін әзірлеу тапсырылды. Көлік, «Самұрық-Қазына», Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктеріне де цифрлық теңгені қолдануға қатысты тиісті жобаларды іске асыру міндеті жүктелді.