Павлодар облысында көлік салығын төлемегендерге рейд басталды

Павлодар облысында көлік салығын төлемегендерге рейд басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Берешегі бар жүргізушілердің көліктері айып тұрағына қойылуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекеттік кірістер органдары, полиция департаменті және жеке сот орындаушылар бірлесе отырып, аймақта көлік салығы бойынша берешегі бар тұлғаларды анықтау бойынша арнайы рейдтерді қолға алды.

Іс-шара барысында салық төлеушілердің берешегі «Кибер-шериф» базасы арқылы тексеріліп, салық бұйрықтары борышкерлерге тікелей тапсырылады. Сондай-ақ борышкерлер мен олардың көлік құралдары туралы ақпарат полицияның патрульдік көліктеріне орнатылған «Кибер-шериф» іздеу жүйесіне енгізілуде.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, берешек анықталған жағдайда полиция қызметкерлері көлік құралын айып тұрағына қоюға құқылы.

– Мәжбүрлеу шараларын күтпей, берешегіңізді өз еркіңізбен өтеуге кеңес береміз. Бұл сіздің мүлкіңізге тыйым салу, банк шоттарын бұғаттау немесе елден шығуға шектеу қою сияқты шаралардың алдын алады, – деп ескертеді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті.

Берешектің бар-жоғын тексеру үшін мемлекеттік кірістер комитетінің порталына kgd.gov.kz кіруге немесе «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын пайдалануға болады.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда салық төлеушілер тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына немесе 1414 байланыс орталығына хабарласа алады.