Павлодарда балалар кітапханасының реконструкциясы қарқынды жүргізілуде
Жұмыстардың аяқталуы жылдың соңына жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаладағы Мүбәрәк Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасының нысанына жоспарлы мониторинг жүргізілді.
Тексеруге «AMANAT» партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, фракция жетекшісінің орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Нұр-Сәуле Ахметова, сондай-ақ Павлодар қаласының құрылыс бөлімі мен мердігер ұйым өкілдері қатысты.
– Қазіргі таңда қайта құру бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жұмыстардың аяқталуы жыл соңына дейін жоспарланған. Бүгінгі күні үш сақтау бөлмелерінде шкафтар орнатылып, бейнебақылау жүйесінің жабдықтары қойылған. Сонымен қатар, өрт дабылы жүйесін монтаждау және желдеткіштерді орнату жұмыстары жалғасуда, – деп бөлісті партияның баспасөз қызметінде.
Нысанның ішкі әрлеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды: еден төселіп, қабырғалар мен төбелер өңделген. Фасадтық жұмыстар толық аяқталып, алаңдағы қабырғаларды сырлау да орындалды.