Цифрлық технология Павлодардағы медициналық қызметтің ашықтығын арттырды

Цифрлық технология Павлодардағы медициналық қызметтің ашықтығын арттырды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Жүйелер жалған қабылдаулардың алдын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасып келеді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анар Омарованың айтуынша, негізгі мақсаттардың бірі – медициналық көмектің көрсетілуінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта дәрігер қабылдауына келгенін пациент eGov порталындағы «Цифрлық құжаттар» сервисіндегі алты таңбалы код немесе Face ID биометриялық технологиясы арқылы растайды. Биылғы жылдың алты айында осындай әдіспен 1,6 миллионнан астам растау жүргізілді. Бұл тетік науқастың нақты келуінсіз медициналық қызметтердің рәсімделуіне жол бермейді, жүйенің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына ықпал етеді, – деді ол.

Анар Омарованың сөзінше, цифрлық растау механизмі медициналық ұйымдардағы есептің дәлдігін арттырып қана қоймай, пациент құқықтарын қорғауға да септігін тигізеді. Бұл әдіс арқылы медициналық қызмет тек азаматтың жеке өзі келген жағдайда ғана тіркеледі.

Ақсу қалалық ауруханасы емханасының директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Тоғжан Ғабдулғазизованың айтуынша, биометриялық тексеру енгізілгеннен кейін жалған қабылдаулар едәуір азайған.

Қазір емханаға барған кезде сәйкестендіру жүйесі болмаса, қабылдау жүргізілмейді. Тіпті еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеу кезінде де технологияны пайдалану міндетті, – деді ол.

Бұл талап науқастың жеке қатысуын нақтылауға мүмкіндік беріп, медициналық құжаттарды рәсімдеу барысында заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Бүгінде аймақтағы 30 мемлекеттік және 13 жекеменшік емхана «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесін қолданады. Тұрғындар дәл осы жүйе арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып, үйге дәрігер шақырта алады, сондай-ақ сараптама қорытындыларын, электронды рецептерді, жолдамаларды және өздерінің электронды денсаулық паспортындағы мәліметтерді көре алады.