Павлодарлық нейрохирургтер әйел адамның маңдай сүйегін «цементтеді»

Шамамен бір жарым миллион теңге тұратын қымбат ота тегін жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дәрігерлер микроскоппен жұмыс істеді. №1 Павлодар қалалық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Дәурен Сафиулланың айтуынша, 36 жастағы қала тұрғыны бас ауруы мен маңдай аймағындағы ісік шағымдарымен жүгінген.
Ауруханаға жатқызғанға дейін миға МРТ жасалып, бас қаңқасы сүйектерінің ісігі анықталған.
– Біздің ауруханаға МӘМС бағдарламасы бойынша жоспарлы түрде жатқызылды. Бас қаңқасы сүйегі мен ми қабығын алып тастау операциясы жоспарлы түрде жасалды. Операция бас қаңқа сүйектерінің алғашқы пластикасымен жасалды. Ота сәтті өтті. Қазіргі уақытта бас қаңқа сүйегі мен ми қабығының сүйектері гистологиялық зерттеуде. Науқас қанағаттанарлық жағдайда, көп ұзамай ауруханадан шығарылады, – деді Дәурен Сафиулла.
Бастапқы пластика дегеніміз – зақымдалған сүйек алынып, пластинамен ауыстырылады. Әдеттегі тәжірибеде пластинаны салумен екінші операция жасалады. Ақ халатты жан қазір бастапқы пластикамен ота жасау жиі қолданылып келетінін атап өтті.
Әр операцияның өзіндік ерекшеліктері, тәуекелдері бар. Бұл жағдайда ісік мидың қатты қабатына қарай өсе бастап, синустың жанында болған, сондықтан дәрігерлер микроскоппен жұмыс істеген. Екі дәрігер қатысқан операция шамамен екі сағатқа созылған.
Екатерина маңдайында пайда болған ісікті желтоқсан айында байқаған. Бірақ құламаған және ешқандай жарақат алмаған. Ісік бастапқыда кішкентай болған және ауырмаған. Қаңтар айының соңында ғана бір ыңғайсыздық пайда болып, басы ауыра бастаған.
– Ауруханаға барып, ультрадыбыстық зерттеу жасадым, олар маған шұғыл түрде онкологқа немесе хирургқа бару керектігін айтты. Онколог МРТ жасауға жіберді. Аталмыш процедураларды жасатқаннан кейін онкологиялық ісік екені анықталды, бірақ оның сипаты қандай екені белгісіз болды. Бір нақтысы – алып тастау керек, – дейді Екатерина.
Кейін ол №1 қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісіне жүгінген. 24 ақпанда порталға кезекке тұрып, 1 сәуірде ота сәтті жасалған. Бүгінде өзін жақсы сезінеді, енді биопсия нәтижелерін күтуде.
Дәурен Сафиулла науқаста неврологиялық тапшылық болмағанын және операциядан кейін де бұл жетіспеушілік болмайтынын атап өтті. Оңалту кезеңі шамамен бір айға созылады. Кейін ол бұрынғы өміріне қайта орала алады. Бірақ гистологиялық қорытындыны да ескеруі керек.