Тәртіп сақшылары Екібастұз кілемінде күш сынасты

Тәртіп сақшылары Екібастұз кілемінде күш сынасты
Фото: Артур Поляков

Бұл жолы әріптестер бір-бірімен шайқасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұзда «Полиция барысы» қазақ күресінен жарыс өтті. Күш сынасуға облыстың барлық аудандарынан 70 спортшы жиналды.

– Екібастұзда күрестің мықты мектебі бар, әрі бұл жерге басқа аудандардан жету өте ыңғайлы. Біздің өңірде 150 қызметкер спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер атағын иеленген. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға тырысып келеміз. Әлем және Қазақстан чемпиондары да бар, – деді полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыржан Шақарғалиев.

Жарыс «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының жүз жылдығына орай ұйымдастырылды. Бұл ұйым спорт саласындағы мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге және елде оның беделін арттыруға көмектеседі.

– Мен негізінен қолма-қол ұрысқа машықтанамын, бірақ әр ауылда кез келген қазақ жігіті қазақша күресті біледі. Бұл бізде жақсы дамыған, сондықтан мен де жарыстан қалмадым. Әзірше кілемге шыққан жоқпын, қарсыласым кім болатынын да білмеймін, мүлде уайымдап тұрған жоқпын. Қазақ айтпақшы, жеңілсең де қашып кетуге болмайды, – деп пікірін білдірді полиция басқармасы бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.

«Полиция барысы» финалы сәуір айында Петропавлда өтеді. Ол жаққа өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары жол тартады.