Қазақстан мектептерінде психологтар саны көбейе ме?
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектептерде психологтар санын көбейту мәселесі қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін елордада «Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында І халықаралық психологиялық форум басталды.
Форумға қатысқан Оқу-ағарту вице-министрі елімізде мектептерде психологтар санын көбейту мәселесіне қатысты қойылған сұраққа жауап берді.
Қазақстан мектептерінде педагог-психолог мамандар жұмыс істейді. Олар балаларға қажетті жағдайда психологиялық көмек көрсетеді. Одан бөлек, біз биылдан бастап мектептерде мектепішілік есепке алу тәсілін енгіздік. Мұндағы негізгі мақсатымыз - көмекті қажет ететін, мінез-құлқында өзгерістері бар, үлгерімі төмен, әлеуметтік жағынан осал топтағы балаларды есепке алып, оларға дер кезінде көмек көрсету, - деді вице-министр.
Оның сөзінше, әсіресе психологиялық көмек көрсету маңызды.
Бұл есепке алудың ешқандай құқықтық салдары жоқ. Баланың оқу процесі, жүріс-тұрысына әсер етпейді. Яғни бұл тек қана көмек беруге бағытталған. Министрлік балалардың дұрыс тұлғалық қамтамасыз етілуіне ерекше мүдделіміз. Дегенмен қоғамның, ата-аналардың мұндағы үлесі үлкен болуы керек. Балаларға беретін әр ақпаратты електен өткізуіміз қажет. Себебі бала - мемлекеттің болашағы, - деп айтты Еділ Оспан.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілі қазір балаларды қалай қалыптастырсақ, мемлекеттің болашағы да сонымен тығыз байланысты болатынын айтты.
Оспанның айтуынша, қазір елімізде 7 мыңнан астам педагог-психолог бар.
Қазіргі таңда осы психологиялық қызметті кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Өйткені оған қажеттілік бар. Сонымен қатар мектептерде әкімдіктер психологиялық орталықтар ашып жатыр. Қазірдің өзінде осындай орталық 7 өңірде құрылды. Бұл орталықтар балаларды қажетті көмекті көрсетеді. Мұнда ерекше маңызды дүниені атап өткім келеді: мектептегі білім процесінің бәрі ізгілікке, адамгершілікке, мейірімділікке бағытталған. Десек те отбасыда ата-аналар балалардың тәрбиесіне, мінез-құлқына назар аударуы керек. Бәріміз балалардың интернетте отырғанын білеміз. Ата-аналарға балалардың әлеуметтік желіде не көріп отырғанын бақылауға алуды назарға алуды сұрағымыз келеді, - деп айтты ол.
Еділ Оспан мектептерде психологтар санын көбейту мәселесі талданып жатқанын айтты. Сөзінше, оны ұлғайту бюджетке де қатысты болып отыр.
Іс-шараны «El Umiti» корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігімен және Дарындыларды қолдаудың еуропалық кеңесімен бірлесе өткізіп отыр. Форум қабілеттер мен дарындылық психологиясы саласының зерттеушілері мен практиктерінің басын біріктіріп, балалар мен жастардың әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған.