Успен ауданында «AMANAT» партиясының Жол картасы 80% орындалды
Кездесуде әлеуметтік нысандардың құрылысы, ауыл инфрақұрылымын дамыту және ақпараттық жұмысты күшейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Успен ауданына «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбайұлы және филиалдың атқарушы хатшысы Николай Дычко жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында партияның Саяси кеңесі Бюросының және депутаттық фракциясының бірлескен отырысы өтті. Жиынға ауданның партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, Саяси кеңес мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының Жол картасын іске асыру, партиялық жобалардың орындалуы және ауылдық округ әкімдерінің сайлауалды міндеттемелерінің барысы қаралды.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Бещенбаевтың айтуынша, Жол картасындағы 40 тармақтың 80%-ы орындалған. Республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін екі жоба қалды – Қонырозек ауылында медициналық пункт және Қаратай ауылында мәдениет үйін салу. Медпункт құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлу жөнінде келісім жасалып, жұмыстар 2026 жылы басталады. Ал мәдениет үйі әзірге мектеп ғимаратында орналасқан, келесі жылы күрделі жөндеу жобасына енгізіледі.
Қозыкеткен және Успен ауылдық округтерінің әкімдері өз ауылдарында мектептердің жөнделгенін, көшелердің жарықтандырылғанын және жолдарға асфальт төселгенін баяндады. Успенка ауылында 2024 жылы спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, ал биыл бассейн құрылысы жүргізілуде. Травянка ауылында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында блок-модульдік қондырғы орнатылып, оны электр желісіне қосу жұмыстары атқарылуда.
Кездесуде партияның ақпараттық жұмысын жандандыру және азаматтарды қабылдау мәселелері де сөз болды.
Қорытынды сөзінде Асылбек Туғанбайұлы партиялық жобалар мен Жол картасының іске асырылуы талқыланғанын, өзекті мәселелер анықталғанын және нақты міндеттер қойылғанын атап өтті. Мұндай жұмыс сапарлары облыстың өзге аудандарына да жалғасады.
Филиалдың атқарушы хатшысы Николай Дычко Жол картасы мен партиялық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін іс-қимылдарды үйлестіру қажет екенін айтып, қажет болған жағдайда көмек көрсетілетінін жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік желілерде белсенділікті арттыру, жеке парақшаларды дамыту және партия қызметін тұрақты жариялап отыру ұсынылды.