Асайын Байханов Павлодар облысының экономикалық жетістіктері туралы айтты

Өңірде 30 шақырым жылу желісін күрделі жөндеуге және тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
25 сәуір күні өңір басшысы Асайын Байханов Абай облысының Семей қаласында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен өңірлік даму жөніндегі жиналысқа қатысты.
– Өңір басшысы облыстың 2024 жылғы және 2025 жылдың I-тоқсанындағы экономикалық даму нәтижелері туралы баяндады. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Өңірге 1,1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалуда. Инженерлік инфрақұрылым жобалары басымдыққа ие. Отыз шақырымнан астам жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстары басталды, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 6 жылу магистралін салу жоспарланған, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Бүгінгі таңда ауыл халқының 99,1 пайызы таза ауызсумен қамтылған, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жүз пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірді дамытуға және оның тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға қатысты барлық тапсырмалары сапалы және уақтылы орындалуда. Облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады.