Павлодар облысында тоқтап қалған ірі агрожоба қайта іске қосылды

Павлодар облысында тоқтап қалған ірі агрожоба қайта іске қосылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды бастама қайта жанданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданында 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасы мен сүт өнімдерін өндіретін зауыттың құрылысы жалғасып жатыр. Инвестициялық бастама «Invest Caravan» жобасы аясында аудан прокуратурасы, әкімдік және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен зерделенді.

– Аталған жобаны «БИК» шаруа қожалығы жүзеге асыруда. Кездесу барысында инвестормен құрылыс жұмыстарының қазіргі барысы, туындаған мәселелер және мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері талқыланды. Мемлекеттік органдар өкілдері нысанды уақытылы аяқтауға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті, – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Бұған дейін аудан прокуратурасы жобаны сүйемелдеп, кәсіпкерге мемлекеттік несие рәсімдеуге жәрдем көрсеткен. Соның нәтижесінде 500 милион теңге көлеміндегі алғашқы қаржыландыру бөлініп, құрылыс жұмыстары қайта қолға алынды.

Биыл прокуратураның ықпалымен өндіріс орнының іске асуына кедергі келтірген мәселелер де шешілді. Қадағалау шараларының нәтижесінде кепілдегі мүлікке қатысты шектеулер алынып, құны 3,5 миллиард теңге болатын тауарлы сүт фермасының құрылысына қаржы бөлу қайта жалғасты.

Бастама толық жүзеге асқаннан кейін ауданда 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, кәсіпорын өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға және облыс экономикасының тұрақты өсуіне өз үлесін қосады.