WhatsApp пайдаланушылары хат алмасу кезінде телефон нөмірін жасыра алады
WhatsApp мессенджері жаңа адамдармен телефон нөмірін жарияламай-ақ байланысуға мүмкіндік беретін пайдаланушы аты (username) функциясын кезең-кезеңімен енгізе бастады, деп хабарлайды Kazinform.
Компанияның мәліметінше, осы аптадан бастап пайдаланушылар қосымшаның соңғы нұсқасында «Параметрлер» → «Аккаунт» → «Пайдаланушы аты» бөлімі арқылы өзіне ұнайтын атты алдын ала брондай алады. Мұндай мүмкіндік алдын ала ұсынылып отыр, өйткені сервисті әлем бойынша 3 миллиардтан астам адам пайдаланады және көптеген қолданушы бірдей атауды таңдауы мүмкін.
Пайдаланушы атын қолдану міндетті емес. WhatsApp байланыс орнатқысы келетін адамдар ғана білетін бірегей атты таңдауға кеңес береді. Егер таңдалған атау бос болмаса, қосымша кіріктірілген генератор арқылы басқа қолжетімді нұсқаларды ұсынады.
Контент авторлары, шағын бизнес өкілдері мен ұйымдар Instagram немесе Facebook желілерінде қолданатын атауын WhatsApp-та да пайдалана алады. Алайда басқа кейбір мессенджерлерден ерекшелігі, WhatsApp-та пайдаланушы аттары бойынша іздеу немесе олардың жалпы каталогы болмайды. Адамға алғаш рет хабарлама жіберу үшін оның нақты пайдаланушы атын білу қажет.
Қосымша қауіпсіздік үшін пайдаланушы атының арнайы кілтін қосуға болады. Алғашқы хабарламаны жібермес бұрын осы кілтті енгізу талап етіледі.
Функция іске қосылғаннан кейін пайдаланушы атын қосқан адамдар немесе компаниялармен телефон нөмірін көрсетпей-ақ хат алмасуға мүмкіндік туады.