Заңға қайшы: Павлодар дүкенінде бір тауар үшін екі түрлі баға ұсынылды

Тексеріс жүргізуге тұтынушының арызы түрткі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары жоспардан тыс жүргізген тексерістер барысында қаланың бір дүкенінің сөресінде баға мен кассадағы баға айырмашылықтарын анықтаған.
– Павлодар тұрғыны тауарды сөредегі бағаға сәйкес таңдап, кассада төлем жасаған кезде баға арасында 19 теңге айырмашылық болғанын байқады. Тұрғынның жазбаша өтініші негізінде департамент тарапынан тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, оған 11 796 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді департамент басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Ведомствоға өзге де шағымдар келіп түсуде. Осы тектес дерек жұмыртқаға қатысты да тіркелді. Яғни, өнімді қолма-қол ақшаға алатын болса, бағасы 510 теңге, QR-код арқылы 540 теңге төлеу керек болған.
– Мұндай әрекет заңға қайшы. Сатушы тұтынушылардың құқықтарын бұзатын шарттарды, оның ішінде төлем тәсіліне байланысты бағаны өзгертуге құқылы емес, – деді ол.
Еске сала кетейік, ақпан айында Павлодар тұрғыны конвейерлік көлік жуу орталығында көлігін зақымдап алған. Темір тұлпар иесі мұны дәлелдеу үшін соттың көмегіне жүгінді. Нәтижесінде ол жуу орталығынан бір миллион теңгеге жуық өтемақы талап етті.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары өңір тұрғындары өздерінің тұтынушы құқықтарына қырағылықпен қарауда. Биыл сот істерінде тұтынушылардың пайдасына түскен шешімдер басым. Жыл басынан бері 19 талап-арыз қанағаттандырылды. Осылайша, азаматтарға 73 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.