Павлодарда зейнеткер 10 жылдан астам күтіп-баптаған саяжайын сот арқылы алды
75 жастағы тұрғынға жер учаскесін жеке меншікке рәсімдеуден бас тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Жоғарғы Сотының мәліметінше, Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты зейнеткердің саяжай учаскесіне қатысты талабын толық қанағаттандырды.
Даулы жер бау-бақша тұтыну кооперативінің аумағында орналасқан. Оның бастапқы иесі 2003 жылы, ал мұрагерлерінің бірі 2016 жылы қайтыс болған. Кейін учаске иесіз мүлік ретінде танылып, қаланың коммуналдық меншігіне өткен.
Қараусыз қалған жерді байқаған зейнеткер кооперативпен келісіп, оны күтіп-баптауға кіріскен. Он жылдан астам уақыт бойы аумақты тазалап, су ақысын төлеп, көкөніс өсірген.
Алайда жерді жеке меншігіне рәсімдеуге өтініш бергенде, уәкілетті орган бас тартқан. Бұған учаскенің жергілікті зауыттың санитарлық-қорғау аймағында орналасуы себеп болған.
– Санитарлық қағидаларға сәйкес, мұндай аймақтарда жаңа бау-бақша серіктестіктерін құруға тыйым салынады. Алайда даулы саяжай алқабының құрылғанына 25 жылдан астам уақыт болған. Сонымен қатар уәкілетті орган бұған дейін осы кооперативтегі басқа азаматтарға жер учаскелерін жеке меншікке берген, – деп түсіндірді сот.
Іс материалдарын зерттеген сот мемлекеттік органның бас тартуын негізсіз деп танып, зейнеткердің талабын қанағаттандырды.
Нәтижесінде уәкілетті органға жер учаскесін ер адамның жеке меншігіне беру туралы әкімшілік акт қабылдау міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.