Жалғыз аққу Маралдыда қыстап қалмақшы болды
Киелі құсты ауыл тұрғындары байқап қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, Маралды тұрғындары орманшыларға хабарлады.
– Сұңқылдақ аққу ауыл шетінде жүрді. Тұрғындар қанаттыны ұстап алып, бізге сеніп тапсырды. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің Қызыл кітабына енген сирек құс, – дейді Аждар Жүсіпов.

Құсты Павлодар ауылындағы белсенді демалыс орталығына жеткізді. Қазіргі уақытта осы жерде тағы төрт аққу қыстап жатыр. Құстар мұнда көктемге дейін болады.
Құс тез үйренісіп кетті. Бірден су ішіп, жем жей бастады. Ол Павлодар облысында қыстап қалуды таңдаған бесінші аққу болды.

Аймақтағы су айдындарында мұндай сұлу құстарды көру – жиі кездесетін құбылыс. Павлодар тұрғындары бірнеше жылдан бері қысқы Ертісте киелі құстарды бақылап келеді. Мамандар он жыл бұрын да оларды осы өңірде көргенін еске алады.
Биологтардың айтуынша, сұңқылдықтар дәл Павлодар облысында балапан шығарады деп айтуға болмайды. Көбіне олар – оңтүстікке бағыт алған қоныс аударатын құстар. Ірі популяция Ақтау маңында мекендейді, ол жақта климат жұмсақ әрі су айдындары мұз қатпайды.
Мүмкін, бұл құстар құрлықтың солтүстік аймақтарынан ұшып келген. Биылғы күз құбылмалы болды: қазан басында қар жауып, артынша еріп, қайтадан жылы ауа райы орнады. Осындай ауа райының ауытқуы құстарды кідірткен болуы ықтимал. Оның үстіне барлық көлдер қатқан жоқ, ірі және кейбір шағын су айдындары ашық күйінде қалады.
Павлодар облысында аққудың сұңқылдақ және сыбырлақ түрлері кездеседі.
Фото: Аждар Жүсіпов