Павлодарда бұзылған мүгедектер арбасы уақытша тегін ауыстырылады
Пилоттық бастама алғашқы нәтижесін көрсетуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шілде айынан бастап облыста техникалық оңалту құралдарын өтеусіз пайдалану және кейін қайтару шарттарымен берудің жаңа сервистік моделі іске қосылды. Оның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту құралын жөндеу, ауыстыру немесе жаңасын күту кезеңінде қажетті құралсыз қалдырмау.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысы Алмагүл Мұхамедова мәлімдеуінше, жаңа тәсіл әзірге Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында жүзеге асырылып жатыр.
– Павлодар облысында Ұлттық ғылыми орталықтың филиалы базасында арнайы қор құрылып, уақытша пайдалануға арналған мүгедектер арбалары мен жүріп-тұруға арналған жүргіншектер (ходунки) жинақталған.Егер азаматтың жеке оңалту бағдарламасы бойынша берілген мүгедектер арбасы немесе жүргіншегі жарамсыз болып қалса, ол аталған орталыққа жүгіне алады. Арнайы комиссия өтінішті қарап, жөндеуге келетін құралды тегін қалпына келтіреді. Ал жөндеуге келмейтін жағдайда азаматқа уақытша пайдалануға басқа құрал беріледі, – деді ол.
Жеке оңалту бағдарламасында белгіленген мерзім – бес немесе жеті жыл аяқталған соң азамат белгіленген тәртіппен жаңа техникалық оңалту құралын алады. Ал уақытша берілген құралды қайтарады.
Қазіргі таңда пилоттық бастама аясында екі техникалық құрал – мүгедектер арбасы мен жүргіншек енгізілген. Алдағы уақытта олардың тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл қызмет жеке гигиена құралдарына қолданылмайды.
Бір ай ішінде өңірде осы бағыт бойынша шамамен 10 өтініш түсіп, алғашқы ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған бастама туралы ақпарат департаменттің әлеуметтік желілерінде тұрақты жарияланып келеді.
Аталған орталықтың мекенжайы: Павлодар қаласы, Назарбаев даңғылы, 42/1. Бұл жерде алғашқы өтініштер қабылданып, азаматтарға кеңестер беріледі.