Жалған жарнама: Екібастұздық бойжеткен Астана кәсіпкерлерін сазға отырғызды
Алаяқтыққа ілінген зардап шеккендердің нақты саны әлі де анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, 20 жастағы Екібастұз қаласының тұрғыны елорданың бірнеше кәсіпкерін жүз миллион теңгеге алдаған. Бойжеткен Қытайдан арзан бағадан тауарларды сатып алып келемін деп уәде берген. Ол үшін WhatsApp мессенджерінде чат ашып, көтерме бағамен ұялы телефоннан бастап, ыдыс-аяққа дейін түрлі тауарлардың жарнамасын таратқан. Тапсырыстың ақшасы түскеннен кейін сатып алушымен байланысты үзіп, жоғалып кеткен.
– Сарыарқа ауданының полиция басқармасына елорда тұрғыны жүгінді. Ол Қытайдан тауарға тапсырыс бергенін, сатушының алдын-ала төлемді талап еткенін жеткізді. Ештеңеден күдіктенбеген әйел бірден алаяққа 31 миллион теңге аударған. Бір айдан кейін жәбірленуші тауарды күтпестен полицияға келді, – делінген хабарламада.
Бүгінде полицияға алданған үш кәсіпкер өтініш білдірді. Осыған ұқсас схема бойынша 50-ге жуық азамат алданды, бірақ зардап шеккендердің саны одан да көп болуы мүмкін. Ал 20 жастағы Екібастұз тұрғыны өз кінәсін мойындап, басқа адамдардың ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағанын түсіндірді.
Алаяқтық фактіге қатысты ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полицейлер аталған алаяқтың әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Астана полиция департаменті Сарыарқа ауданының полиция басқармасына Әуезов көшесі, 40 мекенжайы немесе 8 (7172) 71-66-76 телефоны бойынша хабарласуды сұрайды.