Қарасор көлінде жоғалған екінші аңшыны іздеу жұмыстары жалғасуда
Құтқарушылар эхолоттар мен дрондарды қолдануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 24 қазан күнгі жағдай бойынша іздеу операциясына 14 ТЖД қызметкері, Екібастұз полиция басқармасының өкілдері, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары тартылған.
– Іздеу жұмыстары құрлықта және суда жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар су айдынында үш эхолот пен суды сүзу құралдарын пайдаланып, көлдің түбін мұқият тексеруде. Құрлық пен судың үстін әуеден бақылау үшін екі пилотсыз ұшу аппараты қолданылып жатыр, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, операцияға департаменттің кинологиялық есебі және психологы қатысып, іздеу тобына қолдау көрсетуде.
Естеріңізге сала кетейік, 10 қазан күні ағайынды Вячеслав (1970 жылғы 3 қыркүйек) пен Николай (1973 жылғы 10 қыркүйек) Лукьянцевтер Солнечный ауылынан «LADA Niva» көлігімен, өздерімен бірге резеңке қайықты алып, аң аулауға шыққан болатын. Алайда, 14 қазаннан бастап ер адамдармен байланыс үзіліп, телефондары өшірулі күйде қалған. Бес күн өткен соң, 18 қазан күні ағайындылардың көлігі мен қайығы табылды, сонымен бірге көлдердің бірінен Николай Лукьянцевтің денесі табылды.
Іздеу жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр.