Маралды және Тұзқала көлдерінде демалу бұрынғыдан да жайлырақ болады

Маралды және Тұзқала көлдерінде демалу бұрынғыдан да жайлырақ болады
Фото: Константин Шелков

Жазғы демалыс маусымының ашылуы 14 маусым күніне жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аймақтағы демалыс орындарының туристік маусымға дайындығы талқыланды. 

Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқановтың айтуынша, Тұзқала демалыс аймағы бір мыңнан астам демалушыға арналған және онда төрт жеке кәсіпкер өз қызметтерін жүзеге асырады. Демалыс аумағында алты киіз үй, бес қонақ үй, бір монша және 150 жуық шезлонгтар мен самалжай орнатылған. 

– Сәуірде барлық төрт кәсіпкермен туристік кезеңге дайындық бойынша кездесу өткізіліп, демалушыларға толық жағдай жасау қарастырылды. Сонымен қатар, қосымша қоқысқа арналған контейнерлерді орнату және демалыс аймаққа кіру кезінде шлагбаумдарды орнатпау бойынша сұрақтар талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан толық түсіністік бар. Жағажайлардың әрқайсысында душ кабиналары, жуынатын бөлмелер бар. Оған қоса қоқыс жәшіктері қойылды. Демалыс аймағы туристік маусымның басталуына дайын, – деді Руслан Мұқанов. 

Сондай-ақ, Шарбақты ауданындағы Маралды көлінде де алдағы шомылу маусымына демалыс аймағын дайындау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні жағажай аумағында абаттандыру жұмыстары, сырлау, киім ауыстыратын бөлмелерді жөндеу, санитарлық гигиеналық тораптарды жаңарту, мангал аймақтарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 

– Барлығы17 шатыр орнатылады, оның екеуі жаңа. Бес жаңа самалжайға тапсырыс берілді. Барлығы 23 самалжай болады. Екі жаңа әткеншек орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, электр желілері ауыстырылды. Қызметкерлерге арналған қызметтік үй-жайларға жөндеу жүргізіліп, жағажайды қопсыту жұмыстары жасалды. 20 кәсіпкер өздерінің киіз үйлерін құруды жоспарлап отыр, – деді аудан әкімі Сержан Иманқұлов. 

Айта кетерлігі, өткен жылдары жағажайға кіруге әр адамнан мың теңге ақы алынған болса, биылғы жылы демалушылар жағажайға кіргені үшін емес көрсетілген қызмет үшін ақы төлейтін болады. Көршілес орналасқан Жылыбұлақ және Алға ауылының тұрғындарына және бірінші топтағы мүгедектерге, тыл еңбеккерлеріне, 6 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсету тегін. Оған қоса, зейнеткерлерге және 12 жасқа дейінгі балаларға жеңілдіктер қарастырылмақ. 

Жоспар бойынша демалыс аймақтары 14 маусымда ресми түрде ашылады.  

Аймақ басшысы Асайын Байханов жақын арада Аққулы және Шарбақты ауданына іс-сапармен барып, демалыс аймақтарының жай-күйін өз көзімен көруді жоспралап отырғанын атап өтті.