Дәрігерлер павлодарлықтарға антибиотикті бақылаусыз қолданудың қаупін түсіндірді
Бактериялар дәрілерге үйреніп, оған төзімді болып алады. Сол кезде бұрын тез жазылатын аурулар ұзаққа созылып, тіпті емделмей қалуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, антибиотиктер вирусқа әсер етпейді. Сондықтан тұмау, суық тию кезінде олар көмектеспейді. Керісінше, қажеттіліксіз ішсек, бактерияларда оларға деген төзімділік қалыптасады.
Көп адам жіберетін қателік – өзін жақсы сезіне бастағанда антибиотикті тоқтатып тастау. Бірақ бұл өте қауіпті. Себебі дәрі алдымен әлсіз бактерияларды ғана жояды. Ал ең төзімділері тірі қалып қояды. Егер курсты аяқтамасаңыз, осы мықты бактериялар көбейіп, өз төзімділігін басқаларына да таратады. Сөйтіп бұрын жақсы әсер ететін антибиотик кейін мүлде көмектеспей қалуы мүмкін.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанованың айтуынша, антибиотикорезистенттілік бүкіл әлемде өсіп келе жатқан үлкен проблема.
– Антибиотиктерге төзімділік – бактериялардың бұрын тиімді болған дәрілерге жауап бермеуі. Бұрын бірнеше күнде емделетін инфекциялар қазір адам өміріне қауіп төндіреді. Дүниежүзінде жыл сайын жүздеген мың адам емге көнбейтін инфекциялардан көз жұмады. Антибиотиктердің көп бөлігі ауыл шаруашылығында қолданылатыны да жағдайды қиындатады, – деді ол.
Оның сөзінше, өзін-өзі емдеу және антибиотиктерді дұрыс қабылдамау емнің ұзаққа созылуына, ал кейде нәтиже бермеуіне әкеледі.
– Антибиотиктерді тек дәрігер жазып бергенде ғана қабылдау керек. Өз бетімен емделуден аулақ болу, алдын алу шараларын сақтау, вакцинациядан өту, жеке гигиенаны ұстану маңызды. Антибиотиктердің тиімділігі – әр адамның жауапкершілігіне байланысты, – деп атап өтті Зәмзәгүл Досжанова.
Еске сала кетейік, өңірде эпидмаусым басынан бері облыста 52 142 жағдай анықталған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен тоғыз пайызға төмен. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 32 833, бір жасқа дейінгі балалар саны мыңнан астам, ал жүкті әйелдер арасында – 179 жағдай тіркелген.