Қазақстанда темекіге тәуелділер азайды
Оған статистика дәлел болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекеттік саясаттың жүйелі жүзеге асырылуы және қоғамның қолдауының арқасында Қазақстанда темекі шегудің таралуы тұрақты түрде төмендеп келеді — соңғы жылдары бұл көрсеткіш 17,5%-ға дейін төмендеп, өңірдегі ең жақсы нәтижелердің біріне айналды.
Қазақстан көптеген жылдар бойы азаматтарды темекі шегудің зиянынан қорғауға бағытталған кешенді саясатты дәйекті түрде іске асырып келеді және 2006 жылдан бері қатысушысы болып табылатын ДДҰ-ның Темекімен күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының қағидаттарына толықтай берілген.
Осы кезең ішінде ұлттық заңнамаға бірқатар тиімді шаралар енгізілді:
➤ 2009 жылдан бастап — қоғамдық орындарда темекі шегуге кезең-кезеңімен тыйым салу, темекі түтінінен азат аймақтарды кеңейту.
➤ 2011 жылы — темекі жарнамасына толық тыйым салу, темекі қораптарына графикалық ескертулер енгізу.
➤ 2014 жылы — темекі өнімдеріне акциздерді айтарлықтай арттыру, бұл темекінің қолжетімділігін төмендетіп, бюджет кірісін ұлғайтты.
➤ 2020 жылы — реттеуді қатаңдату: темекі өнімдерін ашық қоюға тыйым салу, сату жасын 21 жасқа дейін көтеру, насыбай мен снюстерге тыйым енгізу.
➤ 2023–2026 жылдары — темекі өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен көтеру.
2024 жылы — электрондық сигареттер мен вейптердің айналымына толық тыйым салу.
Нәтижелер айқын, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес темекі шегудің таралуы 2020 жылғы 21,9%-дан 2025 жылы 17,5%-ға дейін төмендеді. Бұл созылмалы аурулар қаупін едәуір азайтып, ұлт денсаулығын нығайтуға маңызды үлес қосуда.
Денсаулық сақтау министрлігі әріптестеріне — қоғамдық ұйымдарға, медициналық қауымдастыққа, бұқаралық ақпарат құралдарына және темекіге тәуелділікті азайту саясатын қолдаған әрбір азаматқа алғыс білдіреді.
Адам денсаулығын сақтау — мемлекет пен қоғам үшін ортақ басымдық. Біз жас ұрпақтың темекі түтінінсіз өмір сүруі үшін жұмысты жалғастырамыз.
Қазақстан темекіге қарсы саясаттағы көшбасшылық ұстанымын одан әрі нығайтып, салауатты болашақ пен темекісіз қоғам құру бағытын жалғастыра береді.
17–22 қараша аралығында Женевада (Швейцария) ДДҰ-ның Темекімен күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының кезекті отырысы өтіп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Қазақстан да осы шараға қатысып, халықаралық міндеттемелер мен темекі тұтынуды азайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерге өзінің берік ұстанымын растайды.