Железин ауданында отыз бала отырған автобус аязда жолға шықпақ болған
Оларды тәртіп сақшылары жібермеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
— Кеше сағат 20:00-ден 9:00-ге дейін дизельдік көліктер мен жүк, жолаушылар көліктері үшін жол жабылды. Полицейлердің араласуымен қиын жағдайға жол берілмеді. Бұл ретте басты мәселе — адамдардың қауіпсіздігі. Түнгі сағат екіде Железин ауданындағы бақылау-өткізу бекетіне 30 бала мен он ересек тұрғын автобуспен жолға шықпақ болды. Адамдар ренжіп, телефон соғып, бүкіл жол жабық болса да жалғастыруды сұрады. Алайда тәртіп сақшылары рұқсат берген жоқ, — дейді Жасқайрат Қайыров.
Айтуынша, мұндай жағдайларда жергілікті атқарушы органдар жолаушыларды жылы үй-жайлармен, ыстық тамақпен қамтамасыз етеді.
Жасқайрат Қайыров полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы бойынша 30 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Қазгидрометтің мәліметінше, 8 желтоқсанда және демалыс күндері өңірде жауын-шашын болмайды. Облыстың солтүстігінде тұман түседі. Үш күн бойы синоптиктер -20...-25, облыстың солтүстігінде -30, түнде -25...-30, облыстың солтүстігінде -35°С аяз күтеді. Желдің жылдамдығы секундына 7-12 метрді құрайды.