Железин ауданының алғашқы Құрметті азаматы туралы кітап жарық көрді

Железин ауданының алғашқы Құрметті азаматы туралы кітап жарық көрді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Ахметуәли Шәріпов: ауданның алғашқы Құрметті азаматы» атты кітап ауыл тұрғындарына таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Михайлов ауылдық округінің тұрғындарына жазушы Жұмағали Сейтенов ерекше сый жасады. Бұған дейін «Ахметуәли Шәріпов: ауданның алғашқы Құрметті азаматы» атты кітаптың тұсаукесері Павлодар қаласы мен Железин ауылында өткен болатын. Алайда автор Жұмағали Сейтенов кітап кейіпкері жеті жыл бойы «Михайловский» совхозын басқарған ауылдық округке арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Дәл осы шаруашылықтағы табысты еңбегі үшін Ахметуәли Шәріпов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде қатысушылар совхоздың тарихын және онда еңбек еткен азаматтарды еске алды. Жергілікті мектептің мұғалімі Алмаз Әлинов шаруашылықтың қалыптасу тарихы туралы баяндама жасап, тоғызыншы сыныпты тәмамдаған үш түлекке кітап сыйға тартылды.

Кітап авторы Жұмағали Сейтенов аталған кітаптың 60 данасын аудандық кітапханаларға, тағы 40 данасын Железин ауданының мектептеріне табыстаған.