Ертіс ауданында Таймас әулие кесенесіне сапар ұйымдастырылды

Ертіс ауданында Таймас әулие кесенесіне сапар ұйымдастырылды

Кітапханашылар кесененің орналасқан жері, сипаттамасы туралы ақпараттар берді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс аудандық кітапханасы «КERUENSTORIES: Ұлы қазақ даласы» жобасы және «АMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында ауданның киелі жерлерінің бірі – Таймас әулие кесенесіне сапар ұйымдастырды.  Саяхатқа Ертіс ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы, ақын, публицист Самат Мәненұлы, Ұзынсу вуылының ақсақалы Алтынбек Калиакперов, Ұзынсу ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айгүл Касанқызы, Ертіс аграрлық-техникалық колледжінің студент жастары, ұстаздары қатысты. 

Кітапханашылар Таймас әулие туралы ақпараттар беріп, әулиенің өмірдеректерімен, тарихи оқиғалармен бөлісті. Самат Мәненұлы жастарға Таймас әулие туралы халық арасында ауыздан-ауызға тарап келе жатқан аңыз-әңгімелерді арқау етіп, осы кесенің салынуы туралы деректер келтірді.

– Таймас әулие бірде бір ауылдың маңынан өтіп бара жатып, ауырып жатқан адамның қиналғанын сезеді. Сол кісіге көмектесейін деп ауылға бұрылып, ол адамның қайтыс болғанын естиді. Әулие бар даусымен адамдардың үйден шығуын сұрап, өз рәсімін бастайды. Адамның мәйітін айналып жүріп, қабырғадағы ілулі тұрған сырмақты қамшылайды. Соққы тиген кезде дыбыс шығады. Ұрып отырып, далаға шығады, киіз үйді айналады. Ұзақ жүгіріп, шаршаған әулие үйге кірген кезде қайтыс болған кісі көзін ашады, – деп жазылған бір аңыздарда.

Іс-шараға аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Н.Кенжетаева мен  Ертіс аграрлық-техникалық колледжінің директоры Ж.Беспаев демеушілік жасаған.