Павлодар облысының шалғай ауылы газға алғашқылардың бірі болып қосылуы мүмкін

Бұл жоспар алдағы жылдары іске асырылады деп күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды. Ол әуелі егін жинау науқанымен танысып, кейін Ресеймен шекаралас Прииртышск аулына кіріп, халықпен әңгімелесті. Елді мекенде отыз жылдан астам уақыт тұратын бұрынғы кітапханашы, қазір зейнетте отырған Роза Жолдыбаева ауылдағы жағдайға қанағаттануда.
– Бұрын мектепте су ағатын, былтырғы жөндеуден кейін жақсы болып қалды. Мәдениет үйінде қазандық салынып, күрделі жөндеу жұмыстары өткізілді. Ауылдың жағдайы жаман емес. Әрбір үйге су өткізілді. Жұмыс та бар. Талпынған адамға еңбек табылады, – деді Роза Жолдыбаева.
Прииртышск ауылында халықтың көбі механизатор болып жұмыс істейді. Бұл жерде Владимир Неупокоев басқарып жүрген шаруа қожалығы бар. Оның қоластындағы қызметкерлері астықты тазалауды, кептіруді және сұрыптауды қамтитын астықты жинаудан кейінгі өңдеуге арналған машиналар мен жабдықтар кешені бар алаңда күн сайын тер төгуде. Оның сыйымдылығы – 2600 тонна. Қуаттылығы – бір сағатта 8 тонна, ал тәулікте 50 тоннаға дейін жетеді.
Бүгінде ауыл тұрғындары қысқа жем, көмір, ағаш дайындап жүр. Дегенмен қазандықтан бөлек, халық газ өткізілуін күтіп отыр. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі жоспар бар деп жауап берді.
– Екі мемлекет арасында келіссөз жүріп жатыр. Жоспар бойынша келесі 2026 жылы нақты бекітіледі. Егер шын мәнінде бекітілсе, 2029-2030 жыладары құрылыс басталады, – деді аймақ басшысы.
Асайын Байхановтың сөзінше, Прииртышск ауылы Ресейге шекаралас болғандықтан, газ бірінші кезекте осы ауылға тартылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, биыл Железин ауданында өнімді әртараптандыру мақсатында дәнді дақылдар көлемі 10 пайызға қысқарып, есесіне майлы дақылдар 20 мың гектарға көбейген. Көкөніс алқаптарының аумағы өзгермегенімен, олардың шығымдылығы былтырғыдан 1,5 есеге жоғарылап отыр.