Павлодарлықтарға интернет-алаяқтықпен креативті түрде күресу ұсынылды

ҚР Ішкі істер министрлігі үздік әлеуметтік бейнеролик байқауын жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған республикалық бейнеконкурсқа қатысуға шақырады.
– Байқаудың мақсаты – онлайн алаяқтық мәселесіне жастардың назарын аудару және киберқауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Әрбір интернет қолданушысы өзінің желідегі әрекеттерінің маңыздылығын түсінуі тиіс. Кибергигиенаның қарапайым ережелерін білу және оларды сақтау өзіңізді және жақындарыңызды қылмыстық әрекеттерден қорғауға көмектеседі, – деді байқау ұйымдастырушылары.
Жарысқа жеке де, шығармашылық топпен де қатысуға болады. MP4 форматында ұзақтығы екі минуттан аспайтын бейнеролик жасау қажет. Бейнематериалдар авторлық құқықтарды бұзбауға, зорлық-зомбылық пен кемсітушілік көріністерін қамтымауы тиіс. Киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне, алаяқтықтың алдын алуға және желіде қауіпсіз мінез-құлық үлгілерін көрсету керек.
Бейнеролик тақырыптары:
- маркетплейстер мен әлеуметтік желілердегі алаяқтарды анықтау жолдары;
- алаяқтықтың жиі кездесетін схемалары және олардан қорғану әдістері;
- жеке деректерді қорғау ережелері;
- үшінші тұлғалардың өтінішімен ақша аударудың қауіптілігі;
- банк карталарын басқа адамдарға берудің салдары;
- жалған ұтыс ойындары мен инвестициялық схемаларды әшкерелеу;
- интернеттегі сөйлесулерде сыни ойлаудың маңыздылығы;
- интернет-алаяқтардың құрбандарының шынайы оқиғалары;
- фишингтік шабуылдар мен өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстыратын жалған қоңыраулардың негізгі белгілері.
Қатысу үшін ІІМ және ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің Instagram және TikTok-тағы ресми парақшаларына жазылу керек. Кейін қатысушылар парақшаларында бейнероликті #ЗаңменТәртіп, #СенбеТексер, #cybercrimekz хэштегтерімен жариялау қажет. Direct-ке «Алаяқтарды тоқтатайық» деген хабарлама жолдау қажет.
Өтінімдерді қабылдау және бейнероликтерді жариялау 30 қазанға дейін жалғасады. Жеңімпаздар келесі критерийлер бойынша анықталады: тақырыпқа сәйкестігі, бірегейлігі, креативтілігі, орындау сапасы, сондай-ақ көрулер мен лайктар саны.
Жеңімпаздарды марапаттау қарашаның бесі күні тікелей эфирде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің Instagram-дағы парақшасында өтеді. Үздік бейнероликтер ведомствоның ресми ресурстарында орналастырылады, сондай-ақ елдегі ақпараттық-ағарту науқандарында пайдаланылады.