Железин ауданының тұрғыны көлігін танысына беріп, жүргізуші куәлігінен айырылды
Оның танысы көлікті мас күйінде жүргізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Железин аудандық сотында ӘҚБтК-і 608-бабының 1-бөлігімен екі тұлғаға қатысты бір оқиғаның нәтижесі бойынша іс қаралды.
Ер адам танысымен азамат бірге алкогольдік ішімдік ішіп, оған көлік құралын берген. Көлікті алкогольдік масаң күйдегі адамға бергені және басқарғаны үшін сотқа екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсті. Сот отырысында құқық бұзушылар өз кінәларын толық мойындады.
ӘҚБтК-і 608-бабының 1-бөлігі 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді.
– Сот көлікті берген азаматтың зейнеткерлік жасын ескере отырып, ӘҚБтК-і 50-бабы 2-бөлігінің нормасын қолданып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру түріндегі ғана әкімшілік жазаны тағайындады.,– деді Железин аудандық сотының баспасөз қызметінде.
Ал екінші құқық бұзушы баптың санкциясы бойынша толық жауапкершілікке тартылды. Ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, қазіргі уақытта әкімшілік қамаққа алынды
Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.