Балаларға – қуаныш, ата-аналарға – жайлылық: Павлодарда ойын алаңдары орнатылды

Тұрғындар жаңа алаңдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ризашылық білдіріп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында 50 заманауи балалар ойын алаңы толықтай орнатылды. Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында хабарлады. Жобаның жүзеге асуына облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауы себеп болған. Оның айтуынша, алғаш рет барлық жұмыстар жаздың басына дейін – 1 маусымға дейін толық аяқталып, балалардың жазғы демалысын белсенді, қауіпсіз әрі жайлы өткізуге мүмкіндік берді.
Жаңа ойын алаңдары қала тұрғындарының оң бағасын алды. Аулалардың бірінің тұрғыны осы ауланың тұрғындары болып, қыс айларында қалалық әкімдікке жаңа ойын алаңы қажет екенін айтып өтініш білдіргендерін жеткізді.
– Жаздың басында ауламызда жаңа ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл біз үшін өте маңызды, өйткені қазір аулада кішкентай балаларымыз да, мектеп жасындағы балаларымыз да бар. Барлық ойын алаңдары қауіпсіз, ата-аналарға да жайлы жағдай жасалған. Балаларды ойнауға жіберіп, өзіміз орындықтарда демаламыз. Осындай мүмкіндіктерге ризашылығымызды білдіреміз, – деді ол.
Кішкентай тұрғындардың бірі ойын алаңының өзіне өте ұнайтынын, достарымен бірге келіп, футбол ойнайтынын айтып, қуанышымен бөлісті.
Жаңартылған аулалар 20 жылдан бері тұрып жатқан зейнеткердің де көңілінен шықты.
– Қазір біздің ауламызда қарт адамдарға арналған демалыс орны да жасалды. Кешке шығып, демаламыз. Мұндай қамқорлық үшін алғысымыз шексіз. Бұл – шынымен де тамаша. Ең кереметі – балаларға осындай кең әрі көркем алаңдар салынғаны. Біздің балалық шағымызда тек дөңгелекке орнатылған тақтай мен әткеншек қана болатын.
Сөз соңында ол қазіргі балалар үшін жасалған осындай керемет жағдайлар ерекше қуаныш сыйлайтынын айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram