«Ертіс орманы» резерватында Қызыл кітапқа енген итмұрын өседі
Павлов итмұрыны – өте сирек кездесетін шектеулі эндемик түр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәліметінше, итмұрынның бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Биіктігі – 45-60 см, тік бұта, қысқа ине тәрізді тікенектері болады. Жапырақтары кері-жұмыртқа пішінді, саны 5-7. Гүлдері ақшыл-қызғылт. Жемістері ірі, диаметрі 15-17 мм-ге жетеді, шар тәрізді болады.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде орман резерватында сілеусіннің ағаштарда өрмелеп жүргені түсірілген видео таралған болатын. 2022 жылдың соңында табиғи қорық ормандарында құлақ қалқаны үшбұрышты әрі үшкір 60-тан астам сілеусін тіркелген.