ЖИ, роботтар және құқықтық тәрбие: Успен ауданында жастар форумы өтті
Форумда құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік және заңдылық пен тәртіп қағидаттарын нығайтудағы жастардың рөлі сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауқымы кең аталмыш шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр. «Жастар заңмен бірге» деп аталатын жастар форумы ауданның белсенді әрі бастамашыл жастарын, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру мекемелерінің және жастар ұйымдарының өкілдерін біріктірді.
Форум құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік және заңдылық пен тәртіп қағидаттарын нығайтудағы жастардың рөлі мәселелерін талқылауға арналды.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрболат Мақашев жастар форумы жай ғана кездесу емес, бұл қоғамның болашағы үшін стратегиялық маңызы бар мәселелер көтерілетін маңызды диалог алаңы екенін атап өтті.
– «Заң мен тәртіп» — ел тұрақтылығының, әділдіктің және сенімді дамудың негізі. Әсіресе, осы үдеріске жастардың белсенді қатысуы аса маңызды. Бұл бағытта 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Халықтық Конституцияның маңызы ерекше. Бұл — демократиялық қағидаттарды, заң үстемдігін және әділдікті нығайту жолындағы маңызды қадам. Біздің ортақ міндетіміз — Ата Заңды білу ғана емес, оның нормаларын күнделікті өмірде басшылыққа алып, құқыққа құрмет, жауапкершілік және азаматтық белсенділік мәдениетін қалыптастыру, - деді ол.
Аудан басшысы бұл форум жаңа идеялар, сындарлы ұсыныстар мен алдағы жетістіктерге шабыт беретін маңызды алаң болатынына сенім білдірді.
– Дәл сіздер заң, әділдік пен тәртіп ажырамас құндылықтарға айналатын болашақты қалыптастыратын боласыздар. Барлық қатысушыларға нәтижелі жұмыс, мазмұнды кездесулер және жаңа жетістіктер тілеймін, - деп түйіндеді сөзін.

Іс-шараның басты ерекшеліктерінің бірі — цифрлық шешімдердің қолданылуы болды. Алғаш рет форум бағдарламасы интерактивті ақпараттық киоск арқылы ұсынылып, онда жасанды интеллекті бар робот қатысушыларға бағдар беріп, бағдарламамен таныстырып, сұрақтарға жауап берді.
Мектеп оқушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиеге бағытталған «Адал ұрпақ» ерікті клубтарының қызметін, сондай-ақ балалар жарақатының алдын алумен айналысатын жас жол инспекторлары жасақтарының жұмысын таныстырды.
Қонақтар «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы суреттер көрмесімен, кітаптардың 3D-экспозициясымен және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша LED-экранда көрсетілген бейнероликтермен танысуға мүмкіндік алды.
Қатысушылардың назары робототехника көрмесіне ауды. Оқушылар әзірлеген жобалар олардың цифрлық технологияларға қызығушылығы мен инженерлік ойлау деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Форум аясында сарапшылар өз ойларын ортаға салды. Мәселен, аудан прокуроры Мейржан Әйткенов жастарды еліміздің болашағы ғана емес, бүгінгі тірегі деп атады.
– Заңды білу және оны сақтау барлығымыз үшін маңызды. Құқықтық тәртіп тұжырымдамасы заңның орындалуын мемлекеттік бақылауды күшейтуге, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді, – деді ол.
«Торайғыров университеті» КЕАҚ құқықтану, философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының аға оқытушылары Қазақстанның Халықтық Конституциясының негізгі ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Форумда Успен ауданының тумасы, режиссер Уәлихан Смағұлов та өз тәжірибесімен бөлісті. Ол 21 маманның жұмысын жалғыз өзі атқарып, толықметражды көркем фильм түсіріп, Global Best of Records халықаралық рекордтар кітабына енген. Өз сөзінде ол жастар бастамаларын жүзеге асыру және табысқа жету жолы туралы айтты.

Шығармашылық бөлімді Абай атындағы мектеп оқушыларының «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы театрландырылған қойылымы толықтырды.
– Бүгінгі форум жастарымыздың заңдылық пен тәртіп мәселелеріне белсенді қызығушылық танытып қана қоймай, заманауи технологияларды да сенімді меңгеріп жатқанын көрсетті. Жасанды интеллект пен робототехника жетістіктерін көрсету – болашаққа жасалған қадам. Бұл жастарды дамуға, білім алуға және жаңа жетістіктерге ынталандырады. Мұндай бастамалардың жергілікті деңгейде қолдау тауып, дамып жатқаны өте маңызды, – деді «Жас талап» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлнәр Нұрмұхамбетова.
Форум цифрлық технологиялар мен жастардың құқықтық тәрбиесін тиімді үйлестірудің жарқын үлгісіне айналды.