Ертістік отбасы ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірге айналдырды
Ертіс ауданында тұратын Бибігүл Ғазизқызы мен жұбайы үшін қазақылық – тек сөзде емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екеуі де филология саласының мамандары: Бибігүл – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр, ал жұбайы – ақын. Үш бала тәрбиелеп отырған отбасы ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруді басты міндеттерінің бірі деп санайды.
– Біздің жанұя үшін дәстүр тек мереке күні ғана еске түсетін нәрсе емес. Үйдің төрінде тұскиіз ілулі, жерде текеметтер төселген. Балаларымыз кішкентайынан қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық дәстүрді күнделікті өмір арқылы бойына сіңіріп өсуде. Отбасында ас үйде дәстүрлі тағамдар да барынша сақталады – ешқандай қоспасыз, таза қазақы дәм, – дейді Бибігүл Ғазизқызы.
Балалар тек сөзбен емес, іс жүзінде дәстүрді үйренеді. Мысалы, киізден және текеметтен жасалған бұйымдар үйде күнделікті қолданылады, сондықтан балалардың эстетикалық талғамы мен ұлттық танымы ерте қалыптасады. Отбасының әр мүшесі қазақылықты тек үйде емес, өмірдің әр сәтінде сақтауға тырысады.
Бибігүлдің айтуынша, үйде тәрбиелеп отырған өмір салтының басты мәні – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізу. Бұл отбасы үшін тіл, дәстүр, тағам және тұрмыс әдеттері біртұтас мәдени әлемге айналған.
Айта кетерлігі, олар жақында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Дәстүрге тағзым» шығармашыл жастар мен жас отбасылар байқауына қатысып, адам өмірінің тұтас бір кезеңін қамтитын ерекше қойылым ұсынған. Дүниеге келуден бастап, өмірден өткенге дейінгі аралықтағы салт-дәстүрлер мен жоралғылар қысқа көріністер арқылы сахналанған. Осы арқылы отбасы көрерменге қазақ халқының рухани мұрасын, тәрбиелік тағылымын және ұлттық дүниетанымын жеткізуді мақсат еткен.
Отбасының ерекшелігі – сахнада көрсеткен дүниенің бәрі олардың шынайы өмірінен алынған. Жолдасы өз шығармаларын оқыса, Бибігүл балаларымен бірге текемет пен киізден жасалатын қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынған.